1-параграф. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін лауазымға тағайындауға конкурс өткізу тәртібі
- Республикалық мемлекеттік орта білім беру ұйымдары педагогінің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын тиісінше республикалық мемлекеттік орта білім беру ұйымдары ұйымдастырады.
- Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогінің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына тағайындау конкурсын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымы ұйымдастырады.
- Шағын жинақталған мектептерді қоспағанда, барлық бос және (немесе) уақытша бос лауазымға мемлекеттік білім беру ұйымы конкурс өткізеді.
- Конкурсқа Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін және осы Қағидалардың 107-тармағындакөрсетілген тізім бойынша құжаттарды ұсынған педагогтер қатысады.
- Конкурс аптасына 16 сағат және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар педагогтің бос және (немесе) уақытша бос лауазымына өткізіледі.
- Бос лауазымдар болған жағдайда әрбір педагогке сағат саны педагогтің бір жарым ставкасынан аспауы тиіс.
- Конкурсты ұйымдастыру тәртібі мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) тиісті деңгейдегі білім беру ұйымдарының және (немесе) білім беруді басқару органының Интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілердің ресми аккаунттарында конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) конкурсты өткізу күні мен орнын айқындау және конкурстық комиссияны қалыптастыру;
3) конкурсқа қатысуға ниет білдірген кандидаттардан құжаттарды қабылдау;
4) кандидаттар құжаттарының Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін қарау;
5) конкурстық комиссияның қорытынды отырысы.
- Конкурс өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) орналасқан жері, пошталық мекенжайы, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы көрсетілген бос және (немесе) уақытша бос лауазымы (сағаты) бар білім беру ұйымының атауы;
2) негізгі функционалдық міндеттері, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен шарттары белгіленген бос және (немесе) уақытша бос лауазымның атауы;
3) Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары;
4) құжаттарды қабылдау мерзімі Конкурс өткізу туралы хабарландыру соңғы жарияланғаннан кейін келесі жұмыс күнінен бастап есептеледі;
5) қажетті құжаттар тізбесі;
6) уақытша бос лауазымға конкурс өткізу кезінде педагогтің уақытша бос лауазымының мерзімі.
- Конкурсты өткізу мерзімі және конкурстық комиссияның құрамы мемлекеттік білім беру ұйымының бұйрығымен айқындалады.
- Конкурстық комиссия кемінде комиссияның бес мүшесінен, оның ішінде комиссия мүшелерінің арасынан сайланатын төрағадан тұратын алқалы орган болып табылады. Конкурстық комиссия құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері, тиісті деңгейдегі әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) немесе білім беру ұйымының, азаматтық қоғамның әдіскерлері, аудандық (қалалық) білім бөлімінің мамандары, педагогтер кіреді.
- Конкурстық комиссияның құрамына олармен келісім бойынша басқа білім беру ұйымдарының өкілдерін енгізуге рұқсат етіледі.
- Конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссия отырыстарын ұйымдастырады, оның мүшесі болып табылмайды.
- Конкурстық комиссияның қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
- Конкурстық комиссияның қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда конкурстық комиссияның құрамы қайта қаралады.
- Конкурстық комиссияның құрамын өзгерту білім беру ұйымы басшысының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
- Конкурстық комиссияның отырыстары төраға, отырысқа қатысқан комиссия мүшелері және хатшы қол қойған хаттамамен ресімделеді.
- Конкурстық комиссияның отырысы, егер оған комиссияның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысса, өтті деп, ал оның шешімі заңды деп есептеледі.
- Конкурстық комиссияның отырыстары аудио-бейне жазбамен сүйемелденеді. Аудио-бейне жазбалар білім беру ұйымдарында бірінші отырыс өткізілген күннен бастап бір жыл бойы сақталады.
- Конкурсқа қатысуға құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған соңғы күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
- Конкурсқа қатысуға ниет білдірген адам хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімінде келесі құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде жолдайды:
1) осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қоса берілетін құжаттардың тізбесін көрсете отырып, Конкурсқа қатысу туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электронды құжат (идентификация үшін);
3) кадрларды есепке алу бойынша толтырылған жеке іс парағы (нақты тұрғылықты мекенжайы мен байланыс телефондары көрсетілген – бар болса);
4) Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес білімі туралы құжаттардың көшірмелері;
5) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (бар болса);
6) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген).
7) психоневрологиялық ұйымнан анықтама;
8) наркологиялық ұйымнан анықтама;
9) Ұлттық біліктілік тестілеу сертификаты (бұдан әрі – ҰБТ) немесе педагог-модератордың, педагог-сарапшының, педагог-зерттеушінің, педагог-шебердің біліктілік санатының болуы туралы куәлік (болған жағдайда).
10) 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына кандидаттың толтырылған Бағалау парағы.
- Конкурсқа қатысушы бар болған жағдайда біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми/академиялық дәрежелер мен атақтар беру, ғылыми немесе әдістемелік жарияланымдар, біліктілік санаттар туралы құжаттардың көшірмелері, алдыңғы жұмыс орнының басшылығынан ұсынымдар) ұсынады.
- Осы Қағидалардың 107-тармағындакөрсетілген құжаттардың біреуінің болмауы құжаттарды кандидатқа қайтару үшін негіз болып табылады.
- Мемлекеттік ұйым кандидаттың құжаттарын қабылдағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне сыбайлас жемқорлық қылмыс және/немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы, сондай-ақ педагогикалық әдептің бұзылуы туралы сұрау салуды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне жібереді.
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға тыйым салатын сыбайлас жемқорлық қылмыс және/немесе қылмыстық құқық бұзушылық және/немесе педагогикалық әдеп нормаларын бұзу туралы мәліметтер анықталған жағдайда, педагог конкурстың кез келген кезеңінде шеттетіледі.
- Комиссия құжаттарды қабылдау аяқталған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде кандидаттар құжаттарының Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкестігін қарауды жүргізеді.
- Конкурстық комиссия кандидаттар құжаттарының біліктілік талаптарға сәйкестігін қарау нәтижелері бойынша, сондай-ақ осы Қағидаларға 11-қосымшағасәйкес Бағалау парағында көрсетілген балдарды есептеуді жүзеге асырады.
- Конкурс қорытындылары бойынша шешімді конкурстық комиссия жинаған балл негізінде қабылдайды.
- Ең көп балл жинаған кандидат конкурстан өтті деп есептеледі және мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысына тағайындауға ұсынылады.
- Кандидаттардың балл саны тең болған жағдайда конкурстық комиссия әңгімелесу өткізу туралы шешім қабылдайды, нәтижесі бойынша қызметке тағайындауға кандидат айқындалады.
- Конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда комиссияның кез келген мүшесі өз пікірін баяндайды, комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.
- Конкурстық комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді, оған комиссия төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ хаттамалауды жүзеге асыратын хатшы қол қояды.
- Әңгiмелесуге қатысқан, бiрақ тағайындауға ұсынылмаған кандидаттарды конкурстық комиссия кадр резервiне қоюды ұсынады.
- Кадр резервінде болу мерзімі кадр резервіне алынған күннен бастап бір жылды құрайды.
- Кадр резервіне енгізілген кандидаттар конкурс жарияланған кезде конкурстық комиссиямен әңгімелесу кезеңінен өтеді.
- Конкурстың нәтижелері мемлекеттік білім беру ұйымының Интернет-ресурсында, конкурстың соңғы отырысы өткізілген күні ұйымның әлеуметтік желілерінің ресми аккаунттарында жарияланады.
- Педагогтердің үлгілік біліктілік сипаттамаларымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес келетін немесе комиссияның оң қорытындысын алған кандидатпен білім беру ұйымының басшысы еңбек шартын жасасады және жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарады.
- Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған кандидат еңбек шартын жасасудан бас тартқан жағдайда, білім беру ұйымының басшысы конкурстық комиссия кадр резервіне ұсынған немесе қабылдауға ұсынылған педагогтен кейін ең жоғары балл жинаған кандидатпен еңбек шартын жасасады.
- Егер конкурс нәтижесінде комиссия бос лауазымға орналасуға кандидаттарды анықтамаса, конкурс өткізілмеді деп танылады.
- Кандидаттар өздеріне қатысты бөлігінде конкурстық құжаттармен және комиссия шешімімен танысады.
- Қос қызмет атқаратын педагогтерді конкурссыз жұмысқа қабылдау бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын уақытқа рұқсат етіледі.
- Шағын жинақталған мектепті қоспағанда, қос қызмет атқаратын педагогтің бос жүктемесі педагогтердің арасында бөлінбейді
- Оқу жылының басында бос лауазымға тиісті кандидат айқындалмаған жағдайда, оқу жылы ішінде бос сағаттар білім беру ұйымының педагогтері арасында бөлінеді және (немесе) уақытша педагог және (немесе) қос қызмет атқаратын педагог қабылданады.
- Кандидаттар конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексініңнормаларына сәйкес шағым береді.
- Конкурсқа қатысушылар конкурстық комиссия шешіміне жоғары тұрған органның апелляциялық комиссиясына немесе сот тәртібімен шағым жасайды.
- Педагогті лауазымынан босату Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 49-бабындакөрсетілген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
- Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтерін босатуды білім беру ұйымы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім бөлімімен келісе отырып жүзеге асырады.
Көзі: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 19 қарашадағы № 568 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 22 қарашадағы № 432 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 24 қарашада № 25349 болып тіркелді "Мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық орналастыру және мемлекеттік мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымының басшысы лауазымына конкурстық тағайындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 57 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Толығырақ https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2100025349